АИТВ инфекциясының қарқынды таралуы ең алдымен ішкі және сыртқы миграцияға байланысты болып отыр - Ерік Мусин

23 мамыр 2013

АСТАНА. 19 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін 19 мамыр бүкіл әлемде Жұқтырылған иммун тапшылығының синдромынан (ЖИТС-СПИД) көз жұмғандарды еске алудың халықаралық күні аталып өтілуде. Мамыр айының үшінші жексенбісіне белгіленген осы жыл сайынғы атаулы күн ағымдағы жылы 30-ыншы рет өткізілмек. Биылғы шараның ұраны - «Тілектестік белгісі ретінде», ал мақсаты Адам иммун тапшылығының вирусын (АИТВ-ВИЧ) жұқтырған азаматтарға қоғамның толерантты қарым-қатынасын қалыптастыру болып табылады. Осыған орай, Астана қаласындағы "ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығы" мекемесінің бас дәрігері, медицина ғылымдарының докторы Ерік Мусинмен сұхбаттасқан едік.

- Ерік Мазанұлы, әңгіме басында ЖИТС-тен көз жұмғандарды еске алудың халықаралық күні туралы айтып өтсеңіз? АИТВ/ЖИТС дертіне қатысты Астанадағы ахуалға да тоқталсаңыз?

- ЖИТС құрбандарын еске алудың халықаралық күні алғаш рет 1983 жылы АҚШ-тың Сан-Франциско қаласында атап өтілген болатын. Мәліметтерге қарағанда сол уақыттан бері ғасыр эпидемиясы әлемде 300 млн.-нан астам адамның өмірін қиған. Күн сайын әлемде ЖИТС-тен 5500 адам көз жұмады екен. Өткен ғасырда бұл дерт өлімге алып келетін кесел болып саналды, бүгін АИТВ инфекциясы дауасы жоқ созылмалы ауру ретінде айтылады. Бұл тәжірибеге науқастың өмір сүруін ондаған жылдарға ұзартатын және кері әсерлері анағұрлым аз антиретровирустық терапияның, жаңа емдік препараттардың енгізілуімен байланысты.

Ал қаламыздағы жағдайға келсек, ағым¬дағы жылдың өткен төрт айында Астанада АИТВ инфекциясын жұқтырудың жаңадан 45 оқиғасы тіркелді. Соны қоса алғанда, бүгінгі күні Ас¬танада мұндай инфекцияға шалдығудың барлығы 627 оқиғасы анықталып отыр. 100 мың адамға шаққанда көрсеткіш 82,4-ті құрай¬ды. Оның ішінде 332 адам немесе ауруға шалдыққандардың 52,9 пайызы вирусты жыныстық жолмен жұқтырғандар, ал 253-і немесе 40,4 пайызы - есірткі қолдану¬шы¬лар, 0,3 пайызы - инфекцияға шалдыққан аналар дүниеге әкелген балалар болып отыр. Дегенмен 6,4 пайыз жағдай бойынша бізге індеттің берілу жолын анықтау мүмкін болмады. Сонымен бірге осы уақытқа дейін 14 жасқа дейінгі балалар арасында АИТВ-ны жұқтырудың бес оқиғасы тіркелді. Бүгінгі күні Астанада ЖИТС диагнозымен үш адам өмір сүреді. Жалпы елордада ЖИТС-тен қайтыс болғандардың саны 14 адамды құрайды. Олардың дені - 30 жасқа толмаған жастар.

- Соңғы уақытта АИТВ-ның таралу белсенділігі артып отырған секілді. Жұқпаның бұлайша қарқынды таралу себебін қалай түсіндірер едіңіз?

- АИТВ инфекциясының қарқынды түрде таралуының бірқатар себептері бар. Дегенмен ең алдымен ішкі және сыртқы миграцияға, соның ішінде жы¬ныстық қатынас қызметтерін ұсынатын тұлғалардың көші-қонына байланысты таралу жолын ерекше бөліп айтқым келеді. Жалпы, қалаға сырттан келетіндер тұрғы¬лықты жері бойынша тіркелмейтінін, соған орай оларға медициналық қызметтер де, дертті алдын алуға қатысты ұйымдас¬ты-рылатын бағдарламалар да жете бермей¬тінін, яғни олар халықтың осал қорғалған топтарына жататынын ескеру керек. Шын¬дығын айтайық, жыныстық қатынас пен инъекцияның қауіпті форма¬сын өмір салтына айналдырып қана қой¬май, қабылдаушы елдер үшін таралатын қатерлі вирустың көзі болып, жұқтыру қау¬пін шапшаңдататын да мигранттар болып отыр. Мұнымен қоса, Астана жұртшылығының жыныстық қатынасқа қатысты сауатты¬лықтың төмендігін, тұрғындардың АИТВ/ЖИТС жайында аз ақпараттандырылуын да айтуға болады. Бұл елорда халқының ғана емес, жалпы еліміздің басқа өңірлеріне де тән мәселе деп ойлаймын.

- Індеттің көзі мигранттар деп айтып қалдыңыз. Ендеше, неге олар үшін елге кіру шарттарының бірі ретінде міндетті медициналық тексеруден өтуді енгіз¬беске?

- Дұрыс айтасыз. Бүгінгі күні Қазақстанда елімізге тұрақты тұру үшін келетін шетелдік азаматтар ғана АИТВ-ға қатысты міндетті тексерістен өтеді. Сол үшін біздің орталық тоқсан сайын Астанаға тұрақты тұруға келген тұлғаларды АИТВ жұқ¬пасына тексеру бойынша Көші-қон поли¬циясы басқармасымен ақпарат алмасып отырады. Ал еліміздің аумағында 90 күн бойы жүруге рұқсат берілген уақытша келген мигранттарды, оның ішінде еңбек мигранттарын АИТВ-ға тексеруден өткізу қарастырылмаған. Дегенмен шетел¬дік¬тердің Қазақстанда болуға қатысты мер¬зімі аяқталғаннан кейін көші-қон поли-циясы мұндай тұлғаларды анықтап, АИТВ-ға тестілеу үшін ЖИТС орталығына бағыттауы керек. Мұнда кез¬десетін тағы бір кілтипан бар. ҚР Үкіметінің 2009 жылғы 30 қыркүйегіндегі және 2011 жылдың 2 сә¬уірін¬дегі қаулыларына сәйкес, жұмыс берушіге еңбек етушінің АИТВ бойынша анықтамасын ұсынбастан, 1 жыл¬ға дейін шетелдік жұмыс күшін Қазақстан Респуб¬ликасына тартуға рұқсат берілген. Ал бұлардың барлығын былай ысырып қой¬ғанда, еліміздің шекарасын заңсыз кесіп өтіп, көші-қон полициясына тіркел-местен, қоғаммен араласып жүрген ми¬грант¬тардың саны қаншама? Осындай олқылықтарды ескерсек, Астанадағы ЖИТС орталығы өз бетімен мұндайларға қарсы әрекет ете алмайтынын да аңғарасыз.

- Дегенмен мигранттар жұқпалы инфекцияны өздерімен алып келіп жатыр дегіңіз келе ме? Әлде бейберекет өмір сүру арқылы бізде одан сайын өршітіп жатыр ма?

- Статистикаға жүгінсек, шетелдіктер арасында анықталған АИТВ-ға шалдығу жағдайларының 80 пайызға жуығы ин¬фекцияны Қазақстан аумағына келмей тұрып-ақ жұқтырған. Яғни басым жағдайда олардың ауруға шалдыққан¬дарының көпшілігі АИТВ-ны елімізге «алып кіргендер» болып есептеледі. Дертке шал¬дық¬¬қандардың дені - жалдамалы жұмыс¬шылар, құрылысшылар, жыныстық қаты¬нас қызметтерін ұсынушылар мен кішігірім бизнеспен айналысатын тұлғалар.

- Егер шетел азаматында вирус анықталып жатса, мемлекет оған қан¬дай шара қолдана алады?

- Заңнамаға сәйкес, оралмандар АИТВ-ға медициналық тексеруден анонимді және жасырын түрде тегін өтуге құқылы. Сол секілді еліміздің аумағында дипломатиялық артықшылықтар мен иммунитетке ие шетел мемлекеттерінің дипломатиялық және консулдық мекемелерінің қызметкерлері, сол деңгейдегі өзге де тұлғалар АИТВ-ға тексеруден тек сондай тұлғалардың келі¬сімі¬мен ғана өтеді. Дегенмен оларды тексеруден өткізу туралы ұсынысты құзырлы орган - Сыртқы істер министрлігімен келіседі. Айта кетейін, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске сәйкес, Қазақстан аумағында жүріп АИТВ-ға тексеруден өтуге бас тартқан шетелдіктер және азаматтығы жоқ тұлғалар елден алас¬татылады. АИТВ дерті анық¬талған жағ¬дайда, ондай шетелдік азаматтарды Қазақ¬станнан шығарумен көші-қон полициясы айналысады.

- АИТВ-ға шалдыққан адам қанша жыл өмір сүре алады? Сонымен қатар, сырқаттарды емдеу Қазақстанда тегін жүзеге асырылады ма?

- Емдік шараларды уақытылы баста¬ғанда, дәрігердің ңұсқамаларын бұлжыт¬пай орындағанда, сондай-ақ зиянды дағдылардан арылып, өмір сүру сапасын арттырған жағдайда АИТВ дертімен де биологиялық қарттық жасқа дейін өмір сүруге болады. Ең бастысы, азаматтың өзіне сенімі, күш-жігері болуы керек. Ал АИТВ-ға шалдық¬қан¬дарды емдеуге келсек, антиретро¬вирустық терапия мен ВИЧ инфекциясының соңғы сатысында қозуы мүмкін сырқат¬тықтың алдын алу шаралары мемлекетпен қамта¬масыз етіледі және мұның шығыны рес¬публикалық бюджеттен қаржылан¬ды¬рылады. 2012 жылы Қазақстанда бір нау¬қасқа жұмсалатын антиретровирустық емнің бір сызбасы бойынша - 160 803 теңге, екі сызбасы бойынша 362 173 теңге жұмсалды.

inform.kz


Жаңалықтар барлық жаңалықтар

23 шілде 2013, сейсенбі
SYLPHAR NV ТУРАЛЫ ЖАЛПЫ МӘЛІМЕТ
Толығырақ...
23 мамыр 2013, бейсенбі
АИТВ инфекциясының қарқынды таралуы ең алдымен ішкі және сыртқы миграцияға байланысты болып отыр - Ерік Мусин
Толығырақ...